Алматы облысындағы электр энергиясының жоғары тарифі жұртшылықтың тұрмысына үлкен әсер етіп отыр - С. Тоқпақбаев

None
;АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Алматы облысында электр энергиясы бағасына республика бойынша ең жоғары тариф енгізіліп отыр. Бұның өзі өңірдегі өнімнің бәсекеге қабілеттігі мен жұртшылықтың тұрмысына үлкен әсер етіп отыр. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің атына сауал жолдаған депутат Сәт Тоқпақбаев осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматы қаласы мен Алматы облысында енгізілген электр энергиясының тарифтері өте жоғары болып отыр. Мәселен, 2010 жылғы қаңтардың 5-інен кейінгі көтерілген тариф бойынша есептесек, электр энергиясын тұрмыстық қолдану үшін 1 кВт-сағатқа -11,38 теңге белгіленген. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш әрі республикалық орташа тарифтен 1,4 есе артық болып отыр. Бұнымен қоса, Алматы облысы аумағы бойынша «КЕGОC» АҚ электр энергия тасымалдау желілеріне де ең жоғары тариф енгізіліпті. Осының барлығы жинақталып келіп, өңірде шығарылған өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне де, облыс аумағындағы жұртшылықтың өмір сүру деңгейіне де әсер етіп отыр», деді Сәт Тоқпақбаев. Оның айтуынша, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі бұл мәселені шешу үшін нақты тетіктері бар, бірақ бұлар жүзеге аспай отыр.

«Алматы облысындағы 1,7 млн. халықтың 70 пайызы табысы төмен болатын ауылды жерлерде тұратынын ескерсек, тарифтік әділ бағаны қалыптастыру өзекті мәселе ретінде қаралуы шарт, әрі бұл жедел орындалуы тиіс», деді депутат.