Алматы облысындағы Көктума және Достық ауылдары арасында көлік қатынасы жанданды

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат - Кеше, 30 қаңтарда сағат 18.00-ден бастап Алматы облысындағы «Үшарал - Достық» автожолының бұдан бұрын жабық деп жарияланған «Көктума - Достық» учаскесінде (83-168 км) көліктерге жол жүруге рұқсат етілді.

Бұл жөнінде ҚР Көлік және коммуникация министрлігінен хабарлады.

Ауа райының қолайсыздығы салдарынан еліміздің өзге аймақтарында да жол жабылып, көлік қатынасына тыйым салынды. Шығыс Қазақстан облысындағы «Қалжыр - Теректі» автожолының «Боран - Теректі» учаскесінде (22-124 км) 30 қаңтарда сағат 20.30-дан бастап көліктердің барлық түріне жол жүруге тыйым салынып, жол қатынасы тоқтатылды. Жолдың бұл учаскесінде қар тазарту жұмыстарын жүргізу үшін тазартқыш техниканың 4 данасы тартылған.

Келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатымен ҚР Көлік және коммуникация министрлігі гидрометеорологиялық қызметінің хабарламаларына назар салып, сақтық шараларына мән беру қажеттілігін айрықша айтады.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің «Қазақавтожол» РМК-да автомобиль жолдарының жабылған учаскелері жөнінде халықты хабардар ету қызметін тәулік бойы жүзеге асыратын арнайы диспетчерлік қызмет бар.