Алматы облысындағы колледждер мен ЖОО-дағы жемқорлық деңгейі анықталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы колледж бен жоғары оқу орындарындағы (ЖОО) жемқорлықтың деңгейі анықталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлықты анықтау мақсатында колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында анонимді сауалнама әдісімен зерттеулер жүргізілді.

Әлеуметтік сауалнамаға Алматы облысынан барлығы 4290 студент қатысты. Сауалнама нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық деген не, және оның себептері қандай деген сұраққа 99,3 пайыз студент жауап берді.

«Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқан студенттердің 35,1 пайызы қаржылық бақылау, сыбайлас жемқорлықпен күресудің ең тиімді әдісі деп санайтынын атап өткен. Студенттердің 21,3 пайызы білім алып жатқан оқу орындарында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының бар екендігін белгіледі. Жемқорлықтың түрлері көбіне мемлекеттік емтихандар өткізгенде болатынын студенттердің 46,2 пайызы растады. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлауға дайынсыз ба, деген сұраққа респонденттердің 30,6 пайызы «иә» деп жауап берді. Сондай-ақ, студенттердің 25,3 пайызы тек жасырын түрде хабарлауға дайын екендігін білдірді», - делінген Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Жалпы алғанда, Алматы облысының білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жұмыс оң үрдістерге ие екендігі көрсетілген, бірақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру бағдарламаларын одан әрі жетілдіру және оқушылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмысты күшейту қажеттілігі бар.