Алматы облысындағы Панфилов ауданының кәсіпкерлері 1800 отбасыға көмек көрсетті

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - «Біз біргеміз» республикалық акция аясында Алматы облысының Жаркент қаласында екі мыңға жуық отбасыға азық-түлік таратылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдай кезінде аудан тұрғындарына қолдау көрсетуге жергілікті кәсіпкерлер Закиржан Кузиев пен Серік Ақсубаев 15 миллионға жуық қаражат бөлген.

«Біз аудандағы кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Бұған дейін 700-ге жуық көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілді. Ал 11 сәуірде 1800 жанұяға әлеуметтік пакет таратылды. Осындай қысылтаяң сәтте тұрғындарға қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге алғыс білдіремін»,-деді аудан әкімі Талғат Өмірәлиев.

1800 отбасыны қамтыған қайырымдылық шарасына Закиржан Кузиев басқаратын «Жаркент крахмал-сірне» зауытының қызметкерлері де қамтылған.

«Бізде 1200-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Төтенше жағдайға қарамастан жұмыс тоқтаған емес. Сондықтан осындай жағдайда қол ұшын беру керек. Алдағы уақытта бмұндай қайырымдылық шаралары жалғасын табатын болады»,- дейді зауыт басшысы.

Жаркент тұрғындары кәсіпкерлерге көрсеткен көмегі үшін алғыстарын білдірді.