Алматы облысындағы ШОБ нысандарында лаңкестікке қарсы қорғаныс жүйесі тексерілуде
Еске сала кетейік, 2015 жылдың 3 сәуірінде Үкіметтің «Лаңкестік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы» қаулысы шықты, оған сәйкес адамдар көп жиналатын нысандар қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілуі тиіс. Оларға сауда алаңы бар сауда нысандары, ойын-сауық орталықтары және қоғамдық тамақтану орындары жатады.
Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен түсіндіргендей, лаңкестікке қарсы қорғанысты қамтамасыз етудің талаптары көп емес. Ол үшін бақылаудың телевизиялық жүйесі мен өрт қауіпсіздігі жүйесін орнату жеткілікті.
«Сондай-ақ кәсіпорында нысанның лаңкестікке қарсы қорғалу паспорты болуы тиіс, оны міндетті түрде жергілікті ішкі істер басқармасының бастығымен келісу қажет. Құжатты бір аптаның ішінде алуға болады. Тәртіп бойынша, паспорт үш жылда бір рет ауыстырылады», - деп баяндайды палатаның құқық бөлімінің бастығы Рахым Жанысов.
Қазіргі кезде қауіпсіздікті тексеру жұмыстары Іле, Жамбыл, Панфилов және Қапшағай аудандарының кәсіпорындарында өтті. Олардың көбінде бейнебақылау таспалары мен лаңкестікке қарсы паспорттарының жоқ екені анықталды.
Ұйым басшыларына бұзушылықтарды бір айдың ішінде жою міндеттелді, әйтпесе, 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді. Егер кәсіпкер тексерушілердің талаптарына екінші рет құлақ аспаса, оған 200 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл төлеуіне тура келеді.
Облыстың қалған аудандарында нысандардың лаңкестікке қарсы қорғанысының тексерілуін келесі айдың басында жалғастыру жоспарланып отыр.