Алматы облысының әкімі А.Баталов пен «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Қ.Шәріпбаев өңірді газдандыру туралы меморандумға қол қойды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасындағы газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ Алматы облысын, Талдықорған қаласын және жақын маңдағы елді мекендерді (газдандырылмаған аудандарды) газдандыруға кіріседі, деп хабарлайды аталған мекеменің баспасөз қызметі.

Бүгін «ҚазТрансГаз» АҚ мен Алматы облысының арасында Бірлескен іс-қимылдар туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Меморандумға өңірдің орнықты экономикалық өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ өңірді газбен жабдықтау және ондағы экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында қол қойылды. Меморандумға Алматы облысы әкімдігінің атынан әкім Амандық Баталов, «ҚазТрансГаз» АҚ атынан Бас директор Қайрат Шәріпбаев қолдарын қойды.

Меморандумға және Қазақстан Республикасын газдандырудың Бас схемасына сәйкес Алматы облысының газ тасымалдау және газбен жабдықтау инфрақұрылымын кеңейту жөніндегі ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастық көзделеді. Меморандум шеңберінде «ҚазТрансГаз» АҚ өңірде мотор отыны ретінде сығымдалған табиғи газды (СТГ) пайдалануды енгізуді ниет етіп отыр.

Облыс әкімдігі газдандыру объектілерін және газмотор инфрақұрылымын салу үшін жер учаскелерін бөліп, тиісті рұқсаттар және басқа да қажетті рұқсат ету құжаттарын береді. Бұдан басқа, одан әрі мотор отыны ретінде СТГ пайдалануға муниципалдық және қоғамдық көлікті, коммуналдық техниканы көшіруде жәрдем көрсететін болады.

«ҚазТрансГаз» АҚ Алматы облысының газдандырылмаған аудандарын газдандыру жөнінде кешенді шараларды жүзеге асырады. Компанияның жоспарында Жамбыл ауданында автоматтандырылған газ тарату станциясын (АГТС) салу, сондай-ақ Алматы облысында, Талдықорған қаласында, облыстық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында орналасқан ірі аудан орталықтарында автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциялары (АГТКС) желісін құру бар.