Алматы облысының Ақсай шатқалындағы өрттен жақын елді мекендерге қауіп жоқ - ТЖД

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Ақсай шатқалында құрғақ шөп әлі өртеніп жатыр. Жақын маңдағы елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ, деп мәлім етті Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

«2021 жылғы 29 қыркүйекте сағат 08-00-дегі жағдай бойынша Алматы облысы Қарасай ауданының Ақсай шатқалындағы «Іле-Алатау» МҰТП аумағындағы бір учаскеде аздаған бықсу және шымтезек төсенішінің түтіндеуі бар. Бұл аймақтын айналасында жерді қазу және жырту жұмыстары жүргізілді.

Өрт орнында Ақсай орман шаруашылығының, Қазавиаорманқорғау және Алматы облысының ТЖД күштері мен құралдары жұмыс атқаруда. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы су шашып жатыр. Бүгінгі күні түтінді жоюға 38 адам мен 8 бірлік техника жұмылдырылды.


Елді мекендерге қауіп жоқ. Ең жақын елді мекен – Қырғауылды ауылы 12 шақырым қашықтықта және Радуга бау-бақша қоғамы 8 шақырым қашықтықта орналасқан»,-делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 26 қыркүйектен бастап Алматы облысы Қарасай ауданы, Ақсай шатқалында, «Іле-Алатау» МҰТП аумағындағы жетуі қиын таулы жерлерде, биіктігі 2000 метр жерде орман төсеніші, жапырақтардың және құрғақ шөп өртенгенін жазған болатынбыз.