Алматы облысының кеден ісі қызметкерлері кеден брокерлерімен бірге дөңгелек үстел өткізді

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Маржан Кеңесбай/ - Алматы облысының Өтеген батыр ауылында  облыстық Кедендік бақылау департаментінің ұйымдастыруымен «Тауар мен көлік қатынасында кеден ісі брокерінің есеп жүргізу мен есеп берудегі қызметі» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дөңгелек үстел мақсаты - Алматы облысының Кедендік бақылау департаментіне қарасты брокерлік компаниялардың басшыларын ҚР Бас Прокуратурасының кедендік ұйымдардың  сыртқы экономикалық қызметін тексеруден өткізу үшін шыққан жарлығын түсіндіру. Сондай-ақ, «Есеп беру мен есеп жүргізудегі кеден брокерлерінің тауар мен көлік қатынасының салалық ережесі» талқыланды.

Кеден бақылау департаментінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұрлан Баймулдиннің айтуынша, осы жылдың 10-11 қыркүйегінен бастап «Қорғас» пен «Қалжат» кеден бекеттерінде қызмет жасайтын тауар мен көлік қатынасы бойынша есеп жүргізу жүйесі мен есеп берудегі кеден брокерлерін тексеру жұмыстары жүргізілген. Тексеру нәтижесі бойынша, олардың көпшілігінің қызметін растайтын құжаттарының жоқтығы анықталыпты. «Бүгін кеден брокерлерімен бірге дөңгелек үстел өткізіп отырғанымыздың бірден бір себебі осы»,-деді Н.Баймулдин.

Оның айтуы бойынша, бұл басқосу кеден бақылау ұйымының аталмыш бағыттағы мүмкіндігі мен тиімділігін арттыра түспек.  Сондай-ақ Алматы облысындағы Кедендік бақылау департаментінің ҚР Кеден ісі заңнамаларына сәйкес, барлық кеден бақылаушыларына бірдей нормаларды пайдалануға  мүмкіндік береді.