Алматы облысының əкімі 15 баланың тұсауын кесті

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысының əкімі Амандық Баталов 15 баланың тұсауын кесті.  10 сəбидің тұсаукесер рəсімі бір мезетте өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісу жерінің жастары тіккен қазақ үй алдында тұсаукесер рəсімі өтті. Бұл жерде 10 жас ана сəбилерімен қатар тұрып, Амандық Баталовқа балалардың тұсауын кестірді. Ал қалған бес баланың тұсау кесу рəсімі əр киіз үйдің алдында өтті.

 

Сондай-ақ  Ұлыстың ұлы күні Жетісу жерінде  спортшылардың жарысымен де ерекше есте қалды. Білекті ер азаматтар 35 келіден астам қойды  көтеруден сынға түсті. Қойды иығына салып, кемінде 70 реттен көтерген ер азаматтардың күш-жігері көпшілікті тəнті етті. Сонымен қатар,  Əз Наурыз мерекесінде театрландырылған  қойылым халыққа ерекше көңіл-күй сыйлады.

 

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Жетісу жұртшылығы Наурыз мейрамын ерекше сəн-салтанатпен қарсы алды. Əз Наурыз мейрамы «Бұлақ көзін ашу» рәсімімен басталып, шаралар «Жастар» саябағы маңында арнайы тігілген киіз үйлер қалашығында жалғасты.

 

«Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні» мерекелік шарасында жүздеген қала тұрғыны мен қонақтары облыстық мекеме-ұйымдар ұйымдастырған киіз үйлер қалашығының алдына қойылған түрлі көрмелерді тамашалады. Атап айтқанда, халық дәстүрлерінің көрмелері, қолөнер және қылқалам шеберлерінің «Шеберлер ауылы», балалар көркемөнер мектебі тәрбиеленушілері туындыларының, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттық-мәдени орталықтарының «Достық алаңы» көрмелері, сол сияқты кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес нысандарының «Қазақстанда жасалған» көрмесі ұсынылды. Сондай-ақ ұлттық спорттық ойындарды өткізуге арналған алаңдар ұйымдастырылды.

 

Мереке мазмұнды концертпен жалғасты. Кешкілік жастарға арналған би кеші ұйымдастырылады.