Алматы облысының полицейлері бір тәулікте есірткі қолданудың 10 дерегін әшкереледі

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қоюшы полицейлер алдын алу жұмыстары барысында 10 нашақордың заңсыз әрекетін әшкереледі, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған деректер бойынша еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

«Жыл басынан бері біз есірткіге қатысты 641 қылмысты әшкереледік. Ауыр қылмыстар санатына жататын есірткі сатудың 73 дерегі тіркелсе, оның 23 жағдайында аса ірі көлем екені анықталды»,- дейді Алматы облысы ПД Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қазбек Мұхамедов.

Басқарма бастығының ақпаратына сенсек, полицейлер жыл басынан бері төрт жарым тоннадан астам әртүрлі есірткі өнімдерін тәркілеп, көзін жойған.

«Оның ішінде 307 грамм героин, 530 килограмға жуық марихуана, 45 килограмға жуық гашиш, сондай-ақ 400 граммнан астам әртүрлі синтетикалық есірткі түрлері бар. Облыс аумағындағы есірткінің заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған шараларды жоспарлы түрде жалғастырамыз»,- деп толықтырды полковник Қазбек Мұхамедов.