Алматы облысының полиция қызметкерлері атышулы қылмыстың бетін ашты

ТАЛДЫҚОРҒАН. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Полиция қызметкерлері Алматы облысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесе отырып екі қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде жүрген Жамбыл ауданының үш тұрғынын қолға түсірді.

Олар шілденің 23-і күні, Ұзынағаш ауылында құрықталды.

Облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, маусымның 28-і күні Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш кентінің шетінен ішінде 22 жастағы бойжеткен мен 35 жастағы Жамбыл Ішкі істер департаменті аудандық бөлімі учаскелік инспекторының мәйіттері бар «Мерседес-180» маркалы автокөлік табылған.

Қаза тапқандардың денелерінен ұрып-соғу мен пышақ жарасының көптеген іздері қалған. Құрбандардың мойындары кесілген. Оқиға орнынан алтын әшекейлер, полиция қызметкерінің қызметтік күәлігі және АКСУ-74 Калашников автоматы ұрланған.

Ұсталғандардың бірі Ұзынағаш ауылының шетіндегі «Қалпақ» зиратынан қаруды жасырған орындарын көрсеткен.

Ал тағы бір қылмыскердің үйін тінту барысында қылмыстың айғағы деп болжанып отырған пышақ табылды.