Аталған қаулыда карантин кезіндегі шектеулер, санитарлық-дезинфекциялық шаралар туралы егжей-тегжейлі атап көрсетілген. Қаулы талаптарына сәйкес Сарыөзек тұрғындарының үйден шығуына тыйым салынады. Бір отбасыдан тек бір адамға ғана күніне бір рет азық-түлікке, дәріханаға, бірінші кезектегі қажеттіліктер алуға шығуына рұқсат етіледі. Карантин режимін бұзған азаматтар Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады.
Атап өтсек, Сарыөзектегі карантин 17 сәуірден 18-іне қараған түнгі сағат 00.00-ден 1 мамырға дейін созылады деп белгіленген.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Алматы облысында коронавируспен ауырғандар саны тағы 8 адамға артты.
Оның ішінде Кербұлақ ауданында COVID-19 инфекциясын жұқтырған адамдардың саны — бесеу. Олардың ең үлкені 35 жаста, ең кішісі 3 жастағы бала. Сырқаттармен байланыста болған 38 адам карантинге алынды.
Жалпы Алматы облысында коронавируспен ауырғандар саны 37-ге жетті.