Алматы облысының шалғай елді мекендерінде вакцинация қарқынды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының орталығынан 320 шақырым жерде орналасқан Бақанас ауылында тұрғындар өз еркімен коронавирусқа қарсы екпе алып, белсенділік танытуда. Қазіргі таңда 30 мың халқы бар Балқаш ауданының 2 мың тұрғыны вакцинаның бірінші компонентін алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Бұл індетті тоқтау үшін барлық халық вакцина алу керек шығар. Содан кейін ғана індеттен арылармыз»,- деді Бақанас ауылының тұрғыны Нәзипа Ақылбаева.

Жалпы, ауданда 4 стационарлық және екі жылжымалы егу пункту қызмет көрсетуде.

Ал Алматы облысы бойынша екпе алғандар саны 140 мыңнан асты. 20 мың тұрғын вакцинаның екінші компонентін салдырған. Өңірдегі екпе пунктер саны 172-ге жетті.

«Халық екпеге өзі келіп жатыр. Құйған ауылына барып салғанымызда 200 адам келді. Халық өздері түсініп, вакцинасыз бұл ауруды тоқтатуға мүмкін еместігіне көздері жетіп жатыр»,- деді Балқаш аудандық ауруханасының бас дәрігері Дәурен Иманалиев.

Еске салайық, биылғы 1 ақпанда Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник V» ресейлік вакцинасымен егу басталды.

Отандық «QazVac» вакцинасымен егу 26 сәуірден жүргізіледі.