Алматы облысының шаруалары қант зауытынан қарыздарын ала алмай жүр

None
 ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысының шаруалары «Көксу қант зауытынан» ақшаларын ала алмай жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарқан ауданындағы фермерлердің бірі Жақан Қылышбеков өткен жылы 100 гектар жерге қант қызылшасын егіп, 3 мың тонна өнім алған. Жиналған тəтті түбірді «Көксу қант зауытына» өткізіп, алғашқы транш ретінде 7 млн теңгесін алған.

«Біздің əлі 32 млн теңгеміз зауытта қалды. Əлі ала алмай отырмыз. Көктемгі егіс шаруашылығына жанар-жағармайымызды алуымыз керек. Жұмысшылардың ақшасын төлеуіміз керек. Ақшамыз əлі жоқ»,- дейді қожалық басшысы Жақан Қылышбеков.

Бұл бір ғана Жақанның басындағы жағдай емес. Облыс бойынша қант қызылшасын аталған зауытқа өткізіп, ақшасын ала алмай жүрген 30 шақты шаруа қожалығы бар. Ал зауыттың бақылаушылар кеңесінің төрайымы Галина Баймурзиева шарулардың алдында қордаланып қалған қарыздары бар екенін растады.

«Алаңдауға еш негіз жоқ. Біз ол қаражатты ақпанның аяғына дейін қайтарып береміз» деді ол.

Айта кету керек, Жетісу өңірінің шаруалары өткен жылы 6 мың гектар жерге тəтті түбір егіп, «Көксу қант зауытына» 241 мың тонна өнім өткізген. Оның жалпы құны 3 миллиард 416 млн. теңге. Соның тең жартысын мемлекет субсидиялап отыр. Бірақ, субсидия əр айдың қорытындысы бойынша, өңделген қант қызылшасы мен одан өндірілген өнімнің көлеміне қарай төленуде.

«Дəл қазір 20 мың тоннадай қант өндірілді. Сондықтан қарыздың бəрі толығымен қайтарылады, дейді жергілікті атқамінерлер.

Ал ақшаларын ала алмай жүрген шаруалар көктемгі егіс жұмыстарына дер кезінде үлгере аламыз ба деп, шыр-пыр.