Алматы облысының Талғар ауданында 174 гектар жерге «Жаңа Қуат» саяжай қалашығы салынуда

АЛМАТЫ. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Бүгін «Там құрылыс» компаниясы Алматы облысы Талғар ауданының даму перспективасы жайында баспасөз мәслихатын өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш компания Талғар ауданында «Жаңа Қуат» саяжай қалашығын тұрғызуда. «Там құрылыс» инвестициялық-құрылыс компаниясының Бас директоры міндетін атқарушы Лариса Плотникованың айтуынша, бұл көлемі жағынан ТМД елдерінің ішінде ең ауқымды қалашық болмақ. «174 гектар жерді алып жатқан саяжай қалашығынан Оңтүстік астамызға жету үшін 20 минуттай уақыт кетеді. Жоспар бойынша салынуға тиісті 2000 үйдің 500-і қазір салынып бітті. Салынған үйлер барлық талаптарға сай, әрі сейсмикалық тұрғыдан қауіпсіз. Сонымен қатар бұл қалашықта жастарға арналған шағын үйлер де тұрғызылуда. Қазіргі уақытта қалашықты газбен және тас жолмен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр», дейді Л.Плотникова.

Қазір 400-ден астам отбасы «Жаңа Қуат» саяжай қалашығынан үйлі болып, жайлы өмір сүруде. Сонымен қатар мұнда мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған орталық салынған және мектеп салу ісі жоспарлануда.

Талғар ауданы әкімінің орынбасары Бердәулет Абдулаев ауданда адамдар көп шоғырланғандығын және оларды тұрғын үймен қамтамасыз етудегі Үкіметтің бағдарламасын қолдайтынын жеткізді. «Бұл қалашықта тұру көптеген адамдарға, соның ішінде жастарға өте тиімді. Ал Талғар ауданы келешегі үлкен аудандардың бірі. Қазір 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарын өткізуде биотлон стадионы, аспалы жол салынуда, сондай-ақ мұз айдыны бар. Онда күні-түні ауданымыздың жастары шынығуда. Сонымен қатар ауданымызда Жетіген-Қорғас теміржолы, Батыс Қытай - Батыс Еуропа автожолы сияқты үлкен жобалар жүріп жатыр», деп атап өтті өз сөзінде әкімнің орынбасары.

Сонымен қатар ол ауданда осы уақытқа дейін газ мәселесі шешілмей келгендігін және былтырдан бері «Казтрансгаз» арқылы үш ауылға газ тартылып жатқандығын айтты.