Алматы облысының тұрғындары мемлекет қажеттілігіне алынған жер телімі үшін берілетін сомаға келіспейді
Көкөзек ауылының бастамашыл тобы иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің бағалау құнымен келіспейтіндерін айтып, жер учаскелерін сатып алу кезінде жүз шаршы метріне 800 мыңнан 1 млн теңгеге дейін төлеу талаптарымен Алматы облысы әкімдігі ғимаратының жанына жиналды.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов Көкөзек ауылы тұрғындарының наразылығын тыңдап, олардың әрқайсысымен жеке кездесу өткізді.
Кездесу барысында оларға «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның 69-бабының 4-тармағына сәйкес осы баптың 3-тармағында көрсетілген мүдделі тұлғалардың біреуімен мүлікті беру туралы келісімге қол жеткізілмеген кезде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін алып қоюға байланысты мәжбүрлеп иеліктен шығару жүзеге асырылатыны сот тәртібімен жүзеге асатыны түсіндірілді.
«Жоғарыда аталған Заңның 61-бабының 3-4-тармағына сәйкес меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама алған сәттен бастап мемлекет оны сатып алуға басым құқыққа ие болады. Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын мүліктің меншік иесінің құқықтарын қорғау сот тәртібімен жүзеге асырылады»,- деп атап өтті облыстық әкімдіктен.
Бастамашыл топ Алматы облысы әкімінің атына жер учаскелерін қайта бағалауды басқа бағалау компаниясына жүргізу туралы өтініш берді.
«Өтініш Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес қаралатын болады. Бағалаушылар бұрын жүргізген жұмыс қайта қаралып, алып қоюға арналған учаскелер нарықтық бағаға сәйкес қайта қаралып, бағаланады»,- деп хабарлады әкімдіктен.
Әкімдіктің хабарлауынша, осы жылдың шілде айында тәуелсіз бағалаушы компания Алматы-Байсерке-Талғар газ құбырының құрылыс желісінде орналасқан Көкөзек ауылындағы 481 жер учаскесіне бағалау жүргізді. Оның жалпы құны 3 469 620 264 теңге деп бағаланды.
- Нысаналы мақсаты (бау-бақша және саяжай жүргізу) жүз шаршы метрге бағалау сомасы 393 507 теңге;
- Нысаналы мақсаты (жеке қосалқы шаруашылық жүргізу) жүз шаршы метрге бағалау сомасы 539 766 теңге.
Бұған дейін Алматы облысында Алматы – Байсерке –Талғар газ құбырының екінші желісінің құрылысы басталатыны туралы жазған едік. Сондай-ақ ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті газбен қамтамасыз ету үшін Қарасай ауданында 612 жер телімін сатып алу қажет екені айтылған.
2014 жылы «Алматы-Байсерке-Талғар» газ құбырының бірінші желісінің құрылысы аяқталды. 2016 жылы Алматы облысы әкімінің қаулысымен ең аз арақашық аймағы 150 метр және 25 метр қорғау аймағы белгіленді.