Алматы облысының тұрғындары уланып қалған торттар астыртын кондитерлік цехта жасалған - Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА.  Қарашаның  16-сы.  ҚазАқпарат /Дамир  Байманов/  -   Алматы  облысының  тұрғындары   уланған  торт өнімдері  астыртын кондитер цехында  дайындалып,  ешқандай    ілеспе  құжаттарсыз   дүкендерде сатылып  келген.

ҚазАқпарат   тілшісіне  бұл туралы  Денсаулық  сақтау  министрлігінің баспасөз қызметінен   хабарлады.

Науқастардың  жағдайы   орташа  ауыр деп   бағалануда.  Олар   қажетті ем-дом қабылдауда.

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз   қызметінен  хабарлағандай,    қарашаның 12-сінде  тамақтан уланудың  30 оқиғасы тіркелді,  оның 23 оқиғасы -  Алматы  облысында  болған.     Ұйымдастыру-тәжірибелік  көмек көрсету  үшін    Алматы  облысына  республикалық    санитарлық-эпидемиологиялық    стансысының  мамандары  жөнелтілді.

Бұған дейін  Төтенше жағдайлар  министрлігі қарашаның 10-ы күні Ұйғыр ауданында аудандық ауруханаға «тамақтан токсикологиялық улану» диагнозымен 32 адам жеткізілгенін  хабарлаған  болатын: Шонжы ауылынан - 10 адам, Үлкен Ақсудан - 15, Шошанайдан - 4 және Кеңсайдан - 3 адам түсті.