Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 наурыз күні түнгі сағат 22:15-те Қарасай аудандық Полиция басқармасына көшеде ер адамның мәйіті жатқаны жөнінде хабарлама түскен.
Әйтей ауылына барған тәртіп сақшылары шағымды растаған. Тергеу барысында анықталғандай, мерт болған 37 жастағы ер адам әйелімен бірге енесінің үйінде тұрып келген. Оның мүрдесі сол үйдің маңындағы көшеден табылған. Жедел-іздестіру шарасы барысында 36 жастағы күдікті ұсталды. Ол мерт болған азаматтың әйелінің туған ағасы болып шықты.
Күдікті қарындасының жолдасымен ішімдік ішіп отырып, жер учаскесіне байланысты сөзге келіспей қалғанын айтқан. Артынша далаға шығып, ас үй пышағын оның жүрегіне бір рет тыққанын мойындаған.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 99 бабының 1-бөлігімен («Адам өлтіру») сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.