Алматы облысының тұрғыны мүгедектерге арналған арбасын өртеп жіберді

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Үштөбе қаласының тұрғыны Болат Абильдинов орталыққа келіп, жергілікті билікке наразылық ретінде өзінің мүгедектерге арналған арбасын өртеп жіберді. 1979 жылғы азаматтың бұл әрекетінің видеосы әлеуметтік желілерде жариялануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Видеода екі қолы мен екі аяғынан айрылған 1-ші топ мүгедегі баспана ала алмай жатқанын айтып, биліктің назарын аударту үшін осы қадамға барғанын айтады. Сондай-ақ облыс әкімі Амандық Баталовқа екі рет барып, кіре алмай кеткенін тілге тиек еткен.

Болат Абильдиновтың бұл әрекетіне Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел Facebooke желісіндегі парақшасында түсініктеме берді.

Абильдинов Болат Қуатұлы 1979 жылы туған. Үштөбе қаласында тұрып жатыр. Үйленген. Бір қызы бар. 1-ші топ мүгедегі ретінде Қаратал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде 2016 жылдың 15 қаңтарында тіркелген. Мүгедектерді оңалту бағдарламасына сәйкес жеке көмекшінің қызметін алып отыр. 2016-шы және 2017 жылдары екі қол арба берілген. Ал 2017 жылы екі қолы мен екі аяғына қажет протездер алған. Сондай-ақ ер азаматқа ай сайын 54 306 теңге жәрдемақы төленуде. Әйелі Үштөбе қаласында жұмыс істейді. 2016 жылдың ақпанында халықтың әлеуметтік осал тобы ретінде N310 кезекке тұрған. 2018 жылдың 25 мамырына бұл кезекте 450 адам тұр.

Қаратал ауданының әкімшілігі азаматтың үй жағдайын тексеріп, оның 20 мың теңгеге екі бөлмелі пәтер жалдап отырғанын анықтаған.

Баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, аудан әкімі Болат Абильдиновке пәтер ұсынған. Бірақ ол жеке тұрғын үй талап етіп отыр.