Алматы облысының жаңа автопаркіне 25 автобус сатып алынды

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Алматы облысында жаңа коммуналдық автобус паркі қызметін бастап, алғашқы 25 автобус тұрғындар қызметіне берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент тапсырмасымен биыл алғаш рет облыстық коммуналдық автобус паркі құрылды. Нәтижесінде өңірдің 332 тұрғыны жұмыспен қамтылды.

Автобус паркі Іле ауданы, Өтеген батыр ауылында орналасқан. Мұнда қазірдің өзінде 25 техника жұмыс істейді. Жұмыс кестесі сағат 5:40-тан 22:00-ге дейін, автобустар қозғалысының аралығы – 20 минут.

Облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов облыс тұрғындарымен кездесу барысында елді мекендердегі қоғамдық көліктің тапшылығына қатысты арыз-шағымдар түскенін баса айтты.

«Мемлекет басшысы 2022 жылғы 19 қазанда Алматы облысына жұмыс сапары барысында жолаушылар көлігімен қамтылмаған ауылды елді мекендерге автобус маршруттарын беретін коммуналдық кәсіпорын құруды тапсырған болатын. Осыған орай 2023 жылдың 31 қаңтарында «Алматы облысының автобазасы» ЖШС мемлекеттік кәсіпорны құрылды.

Осы уақытқа дейін логистика және басқа да ресурстар бойынша жұмыстар жүргізіліп келгендіктен, бұл парк өз жұмысын бастай алмады. 1 шілдеде парк алғашқы маршруттарды іске қосты. Сонымен қатар біз Алматы қаласымен бірлесе отырып, агломерацияның 50 шақырымдық аймағында жаңа бағыттарды әзірлеп жатырмыз. Сонымен қатар қазір облыс бойынша 9 бағытта қызмет көрсететін қосымша 130 жаңа автобус сатып алу жұмыстары жүргізілуде», - деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов.

Автопарк 20-ға жуық ауылды елді мекенге, бір қалаға – «Gate City» және Іле ауданының екі ірі шағынауданына қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ жақын арада автобустарда QR-код немесе банк картасы арқылы төлем жасалатын электронды билет жүйесі енгізілетін болады.