Оның айтуынша, бір бригада тәулігіне 15 шақыруға қызмет көрсетуі тиіс, алайда экипаж тәулігіне 27-28 шақыруға барады.
«Жедел жәрдем стансасы 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап бірыңғай диспетчерлік қызметке көшті. Түскен шақыртулар «КӨМЕК-103» автоматтандырылған басқару жүйесінде өңделеді. Қоңырау шалған уақыттан бастап диспетчер алынған мәліметті шақыру санатына байланысты сұрыптап, оны жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырғанға дейін 5 минут уақыт кету керек. Ал жедел жәрдем 4 санат бойынша көмек көрсетеді», - деді Қанат Қалдыбаев.
Call-орталықта тәулігіне 30 адам жұмыс жасайды. Автокөліктерге GPS-навигатор орнатылған. Бұл әр бригаданың қай жерде екенін онлайн режімде 24 сағат бойы бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жедел жәрдем стансасы директорының айтуынша, бірінші санат бойынша келу уақыты 10 минут, екінші санат бойынша 15 минут, үшінші және төртінші емханалық қызмет бойынша жедел жәрдем көлігі бір сағат ішінде келуі тиіс.
Облыстық жедел жәрдем стансасына 2019 жылдың қараша айына дейін 691 546 шақырту түскен. Оның ішінде 240 мыңға жуығына 4-санат бойынша көмек көрсетілген.
Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Алматы облысында бір станса, 21 бөлімше, 39 жедел жәрдем пункті және екі санитарлық авиация бөлімшесі бар. Облыста 165 көшпелі бригаданың 121 жедел жәрдем бригадасы тәулік бойы жұмыс істейді.