«Алматы - Орал» бағытындағы ұшақ бортында дөрекілік танытқан мас жолаушы жазаланды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы әуежайындағы ішкі істер желілік бөлімінің кезекші бөліміне «Эйр Астана» әуе компаниясының «Алматы - Орал» бағытындағы әуе кемесі бортындағы келеңсіз жағдай туралы хабарлама келіп түскен.

Көлік полицейлерімен тексеру барысында Ресей Федерациясының 26 жастағы азаматы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көліктегі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Ер адам алкогольді масаң күйде өзін дөрекі ұстаған, бортсеріктердің ескертуіне құлақ аспай, оларды балағаттаған және осы әрекеттерімен жолаушылардың тыныштығын бұзған.

Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес құқық бұзушының жеңіл дәрежедегі масаң күйде болғаны анықталды.

Оған қатысты бір мезетте ұсақ құқық бұзушылық, қоғамдық орындарда масаң күйде болу және әуе кемелерінде мінез-құлық ережелерін бұзу  бойынша үш бірдей әкімшілік хаттама түзілді және 5 АЕК, 5АЕК және 3АЕК көлемінде (31 265 теңге) әкімшілік айыппұл салынды.