Алматы-Өскемен автожолында жол-көлік оқиғасынан 3 адам қаза болды

АСТАНА. 9 желтоқан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Кеше Алматы-Өскемен автожолының оңтүстік бағытындағы 156-шақырымында «Тойота» жүргізушісі көліктің рөліне ие бола алмай қалуы себебінен жолдың қарсы жолағына шығып кетіп, «Ауди» автокөлігімен соқтығысты. Жол-көлік оқиғасының салдарынан 3 адам қаза болды және 5 адам түрлі дене жарақаттарын алды,

деп хабарлайды «Қазақавтожол» РМК-ның баспасөз қызметі.

Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның мәліметіне қарағанда, аталған жол учаскесінде жолдың тегіс еместігін көрсететін және көлікті басып озуға тыйым салуды ескертетін жол белгілері орнатылған. «Алайда, автокөліктерге арналған осындай белгілерге қарамастан, республикалық маңызы бар жолдарда жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы салдарынан жол-көлік оқиғалары жиі болып тұрады. Осы орайда, республикалық мекеме көлік жүргізушілеріне жол жүру ережелерін сақтап, орнатылған белгілерге назар аударып отыруды ескертеді»,-делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.

Айта кетейік, «Қазақавтожол» РМК еліміздегі республикалық маңызы бар жолдарды жөндеумен, көгалдандыру және қыс кезінде тазалау жұмыстарымен айналысады. Кәсіпорын 23,5 мың шақырым автожолға қызмет көрсетеді. Оның ішінде Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар 6 халықаралық дәліз бар. Осы жолдарды қыс кезінде қардан тазалау үшін бүгінде 300-ге жуық техника жұмылдырылып отыр.