«Алматы – Өскемен» тасжолында жеңіл көлік пен КамАЗ соқтығысып, 3 адам ауруханаға түсті

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – «Алматы – Өскемен» тасжолының Шығыс Қазақстан облысы аумағында жеңіл көлік пен КамАЗ соқтығысып, 3 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ШҚО полиция басқармасы

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 8 тамыз күні сағат 09.00 шамасында республикалық маңызы бар «Алматы – Өскемен» тасжолында болған.

«Мерседес» маркалы автокөліктің жүргізушісі Жарма ауданы Қалбатау ауылы жақтан Өскеменге қарай келе жатты. Қалаға 11 шақырымдай жер қалғанда қауіпсіздікке көз жеткізбей, арақашықтық пен жылдамдық режимін сақтамаған жүргізуші КамАЗ-бен соқтығысты. Соның салдарынан «Мерседес» көлігінің жүргізушісі мен 2 жолаушысы жарақат алып, шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілді.

«Жүргізуге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігімен (көлік құралдарын, жүктерді, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүліктің бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтірген көлік құралдары жүргізушілерінің жол жүрісі қағидаларын бұзуы) әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл бап бойынша оған 20 АЕК (69 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынуы немесе алты айға дейінгі мерзімге көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін», - делінген ақпаратта.