Алматы-Отар учаскесінде темір жол қозғалысы қайта жанданды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы-Отар учаскесіндегі темір жол қозғалысы қайта жанданды, деп хабарлайды «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.

«2016 жылы 7 қарашада 14:15-те Алматы-Отар аумағындағы Саз стансасының темір жол қозғалысы қайта жанданды. Жолаушылар пойызы бағыт алған жолын қайта жалғастырады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушыларды тамақтандыру жұмысын ұйымдастырды. Белгіленген нүктеге жеткен жолаушылар «Теміржол көлігі туралы» ҚР Заңына және ҚР Теміржол көлігінің жолаушыларды, багажды және жүк багажын тасымалдау ережесіне сәйкес өтемақы алатын болады».

Еске сала кетсек, бүгін таңғы 5 сағат 18 минутта Алматы жол бөлімшесінің Алматы-Отар желісіндегі Саз стансасында екінші жолдан  №2851 жүк пойызының 12 вагоны шығып кеткен болатын.

Оқиға орнында Алматы жол бөлімшесінің қалпына келтіру пойызы жұмыс істеуде. 8 жолаушылар пойызы кестеден кешікті. Апат себебін анықтау үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ жанынан арнайы комиссия құрылды.