Алматы - Отар учаскесінде вагондар құрамнан шығып кетті

АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат. 24 маусымда 01.54 сағатта Алматы жол бөлімшесінің Алматы-Отар учаскесінде №3401 жүк пойызының ( құрамында 62 вагон) 9 вагоны құрамнан шығып кетті.

Соның нәтижесінде жұпты жолдар бойымен пойыздардың жүруі мүмкін болмай қалды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

Апат нәтижесінде 460 метр жол бұзылды. Құрамнан шығып қалған вагондардың 5-уі Ресейге, 2-уі Беларуське, 1-уі Әзербайжанға және 1-уі Қазақстанға тиесілі.

Апаттың алдын ала анықталған себебі - Алтай вагон құрастыру зауытының 2010 жылғы 27 сәуірде жасап шығарған №28043701 вагонының бүйір рамасының сынуы.

Оқиға орнында Алматы және Шу пойыздарының көмегімен қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Апат нәтижесінде ешкім зардап шеккен жоқ. Аталған учаскеде пойыздар қозғалысы тоқтатылды (9 жолаушы пойызының жүруі кейінге қалдырылды).

Вагондардың құрамнан шығуына байланысты Алматы облысының өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының мамандарының қатысуымен «ҚТЖ» ҰК» АҚ комиссиясы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.