«Алматы өз рекордын жаңартты»» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 9 ақпан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Алматы өз рекордын жаңартты» атты мақала басты. Онда Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің 2011 жылдың қорытындылары бойынша тұрғындармен өткізген есепті кездесуінде көтерілген мәселелер жөнінде жазылған. Қала әкімінің айтуынша, 2011 жылы Алматының аймақтық жалпы өнімі 2010 жылмен салыстырғанда 7-8 пайызға өсіп, 4 триллион теңгеден асып түсті. Былтырғы жылы өндіріс саласындағы өнім шығару көлемі 15 пайызға артса, шағын және орта бизнес 13 пайызға өсті. Жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған жүйелі шаралардың арқасында жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайыздан 4,2 пайызға дейін төмендеді. Биыл Алматы тұрғындарының орташа жалақылары 124 мың теңгеден асты. Шаһардағы осы тектес жақсы жаңалықтарды «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санынан білесіздер.

 Кеше Парламент Мәжілісінде Қазақ­стан мен Испания үкіметтері арасындағы Ауғанстанды тұрақтан­ды­ру мен қалпына келтіру жө­нін­дегі халықаралық күш-жігер­лер­ге Испания Корольдігінің қаты­суы­на байланысты әскери мү­лікті және персоналды еліміздің аумағы арқылы транзиттеу келісімі ратификацияланды. Келісімінің аты айтып тұрғандай, заң жобасының негізгі мақсаты Ауғанстанды тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі ха­лық­аралық іс-қимылдарға ықпал етудегі Қазақстанның рөлін ны­ғайту. Келісім транзитті жүзеге асы­ру тәртібін белгілейді. Ал Испа­нияның ауған жеріндегі әскері саны жағынан он бірінші орында екен. Депутат Қуаныш Сұлтанов аталмыш құжаттың ратификациялануы мемлекетіміздің халықаралық аренадағы белсенді қызметін көр­сететіндігін айтты. Бұл мәселелер жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында жарияланған «Әуе транзиті Испания үшін де ашылды» атты мақаладан білуге болады.  

***

«Айқын» басылымының жазуынша, Германияда іссапарда жүрген Қазақстан мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы саясат жөніндегі Герман кеңесінде өткен Берлин Еуразиялық клубының ашылуына қатысты. Берлин Еуразиялық клубы Қазақстан мен ГФР, сондай-ақ ЕО арасындағы кең көлемдегі қоғамдық-саяси мәселелерді талқылау үшін диалог алаңы ретінде құрылып отыр. Берлин Еуразиялық клубының құрылуы жаңа мүмкіндіктерді зерттеуге, еуропалық және азиялық мәдениеттер арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған Қазақстанның Еуропадағы осыған ұқсас алғашқы жобасы болмақ. Бұл туралы «Еуропа мен Азияның ықпалдастығы -уақыт талабы» атты мақаладан оқыңыздар.

 Сондай-ақ осы басылым бетінде «Идеологияда ұсақ-түйек болмайды» атты мақала басылды. Мақала авторының айтуынша, Тәуелсіздіктің таңы атқалы елімізде кірсе-шыққысыз, іші-сырты бірдей керемет біраз мәдениет үйлері бой көтерді. Бірқатар мәдениет үйлері күрделі жөндеуден де өтті. Дей тұрғанмен, ресми биліктің әлгіндей шуақ-шапағатын сезініп үлгермеген үлкенді-кішілі ауылдар облыс орталығының түбінде де, жырақта да баршылық. Тұрмыс-тіршілікке қолайлы, шаруаға жайлы болғандықтан күні кешегі өтпелі кезең,

өліара шақта да іргесі сөгілмеген ауылдарды енді қазіргі заманға сай мәдениет үйлерімен түгелдей қамтамасыз етуге ұмтылған жөн. Өйткені тәуелсіздіктің таңсәрі жылдарында жаппай сипат алған урбанизация қазіргі таңда аяғына жем түскен аттай мықтап табандаған түрі бар. Бүгіндері керісінше, қаладан ауылға қоныс аударушылар қылаң бере бастады. Әсіресе, жас, мамандар. Шын мәнінде солай ма? Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санынан оқыңыздар.

***

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, 2011 жылы қызылжарлық 23 шаруашылық «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізіпті. Ол ақшаға мал сатып алған. Арзан ақша алып, атакәсіпті дамытқысы келетін тағы 22 кәсіпкердің өтініштері қаралып жатыр. Өткен жылы бастау алған «Сыбаға» бағдарламасының несиелендіру шарттары кәсіпкерлердің мүмкіндіктеріне қарай әзірленген. Бұл жүйенің жай-жапсары жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Сыбаға» мал алушыларға сыбаға беріп жатыр» атты мақаладан білуге болады. 

 Аталмыш басылымның жазуынша, еліміздегі емханаларда таусылмайтын кезек - енді өткен күннің әңгімесі. Денсаулық сақтау жүйесіндегі оңды өзгерістердің бірі - «Кезексіз емхана» бағдарламасы. Халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған бұл бағдарлама Атырау аймағында да тұсауын кесті. Облыс орталығындағы №1 қалалық емхана өткен жылдың соңында жаңа тәртіпке көшірілді. Сырқаттанушылар үшін жайлылық тудыратын бұл бағдарламаның барысында емхана жүйесінде біраз өзгерістер орын алатын болады. Бұл өзгерістер Ол туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Кезексіз емхана» - денсаулық сақтау саласындағы жаңа жүйе» атты мақаладан оқыңыздар.

***

«Казахстанская правда» басылымы бүгінгі санында «На пороге технологического прорыва. В рамках визита Нурсултана Назарбаева в ФРГ подписаны контракты на сумму около 4 млрд. евро» атты мақала басты. Аталмыш мақалада Мемлекет басшысының Германия Федеративті Ресубликасына ресми сапары жөнінде баяндалады. Басылымның хабарлауынша, осы сапардың басты мақсаты - екі елдің экономикалық қарым-қатынастарын қорытындылау және екіжақты ынтымақтастықты арттыру. Соңғы кездері Астана мен Берлин «шикізат пен инвестицияларды және технологияларды алмасу» әдісі бойынша ынтымақтастықты арттыру мәселесін көптен бері сөз етіп жүр. Ал Елбасының Германияның Федералды Канцлері Ангела Меркельмен жүргізген келіссөздері бұл бағыттағы серпінді қадам болды. Кездесу барысында шикізат, өнеркәсіп пен технология саласындағы әріптестік жөніндегі келісімге қол қойылды. Бұл құжат тараптардың екіжақты қарым-қатынастарды жаңа форматта дамытуға ықпал етеді.