Алматы полицейлері «Халықаралық әуежай алаңындағы» көлік қозғалыстарын реттеуде

АЛМАТЫ. Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматы қалалық ІІД-нің жол полициясы «Алматы халықаралық әуежайы» алаңындағы көлік қозғалыстарын реттеуге арналған жедел-профилактикалық жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі.

Оған салық комитеті өкілдері мен көші-қон полициясы да қатысуда. Шараның арнайы қолға алынуына соңғы уақыттағы жекеменшік тасымалдаушылардың жол ережелерін жиі бұза бастауы себеп болып отыр. Жекеменшік жолаушы тасымалдаушылар кейде клиент табу жолында қарапайым қоғамдық тәртіп пен заң ережелерін өрескел бұзып жатқандарына мән бермейді.

«Осы шара барысында жол полициясы өкілдерімен қатар салық комитетінің қызметкерлері де қатысуда. Себебі, таксистер бұл қызметпен солардың рұқсатымен ғана айналыса алады. Сонымен бірге, біздің арамыздағы көші-қон полициясы қызметкерлері жүргізушілер арасында рұқсатсыз жүрген сырт мемлекет азаматтарының болу-болмауын қадағалайды. Ал жол полициясы жол ережесін бұзушыларға әкімшілік шара қолданатын болады», деді Алматы қалалық ІІД-нің жол полициясы басқармасының бастығы, полковник Арман Сарыбасов.

Полиция қызметкерлері, әсіресе, халықаралық әуе қатынастары кезіндегі қарбаласта қырағылық танытады. Бұл уақытта таксистер шетелдік қонақтарды қарсы алуға жанталасып, көліктерін арнайы тұрақтан бөлек қолайсыз жерлерге қойып кете береді.

«Бұл шараның басты мақсаты әуежай аумағындағы тұрақтылықты қалпына келтіру. Соған сай шетелдік қонақтар да еліміздің қызмет көрсету сапасының жоғарылығына куә болады. Ал өткізіліп жатқан шара барысындағы назарға іліккен жүргізушілер полицияның барлық тексерісінен өтіп, бұдан бұрын да қылмыстық іске жауаптылығы анықталатын болады», дейді полиция полковнигі. Оның айтуынша, бүгінгі 2 сағаттық тексеру ішінде 30-дан астам әкімшілік хаттама толтырылған.

Кеше басталған 3 күндік жедел-профилактикалық шара ертең аяқталады деп жоспарланған.