Алматы полицейлері кітап оқу челленджін бастады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы «Оқитын департамент» челленджін бастады. Ол қалалық полиция департаментінің бүкіл бөлімшелерін қамтиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полицейлер арасындағы кітап оқу челленджі Әуезов аудандық полиция басқармасында басталды.

Мұнда жеке құрам бос уақытында жазушы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабын оқып шықты.

Белгілі болғандай, полиция қызметкерлерінің көпшілігі бұл шығарманы бірнеше рет оқып үлгерген.

Тәртіп сақшылары кітапты әрбір оқыған сайын ондағы шығарма кейіпкерлерінен жаңа әсер алатындарын атап өтті.

»Мақсат – жеке құрамның рухани дамуы. Қарбалас жұмыс кестесімен біз сүйікті кітаптарымызды, жаңа, өзекті шығармаларды оқуға уақыт пен мүмкіндік таба алмайтынымызды мойындау керек. Челлендж бір реттік науқан емес. Бұдан былай жауынгерлік және қызметтік дайындыққа кітапхана сағаттары енгізіледі. Ал алдағы уақытта біздің департаменттің ішінен көркем, классикалық, деректі және арнаулы әдебиеттердің мол мұрағаты бар кітапхана ашу жоспарланып отыр», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков.

Айта кетейік, «Волоколамск тас жолы» кітабында Мәскеу түбіндегі Волоколамск бағытында 1941 жылдың күз-қыс айларында фашистік басқыншылармен шайқасқа қатысып, жанын қиған кеңес жауынгерлері мен офицерлерінің ерлігі баяндалады.