18:56, 09 Маусым 2009
Алматы полицейлері қолданыста жүрген жаңа есірткі түрін анықтады
АЛМАТЫ. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматы полицейлері «Ретро-Шлягер» түнгі клубында «Жылдамдық» деген есірткінің жаңа түрін пайдаланып жүрген жастарды қолға түсірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Полиция қызметкерлері осы туралы ақпарат түскен соң түнгі клубқа тексеру шараларын жүргізген. Полиция қызметкерлерінің көзіне үзіліс кезінде есірткі пайдаланған 2 жас азамат пен азаматша түскен.
«Есірткінің бұл түрін тамырға шаншу арқылы да, тыныс алу жолдары арқылы да пайдалануға болады. Кейбір мәліметтер бойынша тек түнгі көңіл көтеру орындарында ғана сатылады. Ал ұсталғандардың есірткі пайдаланудан үлкен тәжірибесі бар болып шықты. Екеуі де бұған дейін жауапкершілікке тартылмаған», - дейді қалалық ІІД Есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Дархан Мұсанов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері Алматы полицейлері айналымнан 12 килә есірткі тәркілеген. «Жыл басынан бері түнгі клубтарда есірткі пайдаланудың 5 фактісі анықталды. Бұлардың қожайындарына арнайы ескертулер беріліп, егер оқиға қайталанса лицензияларынан айырылатындары айтылды. Былтырғы жылы осындай жағдай бойынша 3 түнгі клуб жабылған болатын», - дейді Д. Мұсанов.