Алматы полицейлері Ресейдің үш азаматына қастандық жасағандарды ұстады
деп хабарлайды Алматы қаласының ІІД-нің баспасөз қызметі.
"Бұл қылмыстық іс адам өлтіруге жасалған қастандық деп қаралды. Тексеріс барысында, қылмыскерлер мініп қашқан көлік тез арада анықталды. «Тойота» көлігінің иесі бірнеше сағаттан кейін ұсталды. Одан кейін бұл қылмысқа қатысы бар екеудің аты-жөндері белгілі болып, оларға халықаралық іздеу жарияланған болатын. Тексерудің ізі қырғыз елінің астанасына алып келді. Оларды қала орталығындағы үйлердің бірінде ұстадық", деді Алматы қаласының ІІД басқармасының бастығы, полиция полковнигі Амангелді Шідерқұлов.
Оның айтуынша, қылмыскерлер қарсылық жасап үлгермеген. "Бүгін олар Алматыға алып келінеді. Қазірдің өзінде олар тергеу сұрақтарына жауап беруде. Олардың айтуынша, араларындағы жанжал аяқ астынан болған", деді ол.
Ұсталғандардың бірі 24-те, екіншісі 23 жаста. Олар Алматы облысы Нұра ауылының тұрғындары. Екеуінің де нақты жұмыс орны жоқ. Олардың басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.