Алматы полицейлері тонау мақсатында адам өлтірген қылмысты ашты
Бұл жолы қылмыскерлердің құрбанына Омаров көшесінде тұратын үй иесі мен оның досы айналып отыр. Қылмыстық іс материалдарында айтылғандай түнгі он бірлер шамасында жәбірленушінің пәтеріне екі еркек келген. Бейтаныстар үй ішін қиратып, үй иесі мен досына ақша мен құнды заттарды беруін талап етіп, оларды ұра бастайды.
«Өте қатыгездікпен соққыға жыққанымен қоймай қаскүнемдер пышақ жұмсайды. Үй иесінің тіл қатпай мерт болғанын көрген олар куәгерден арылу үшін оның досын да пышақпен ұрғылайды. Дегенмен дәрігерлер 44 жасар еркектің жанын сақтап қалды. Ол есін жия салысымен шабуыл жасаушылардың келбеті мен сол кеште орын алған оқиғаны сипаттап берді», дейді Алматы қаласы Жетісу ауданының ІІБ-ның бастығы подполковник Қанат Таймерденов.
Оның айтуынша куәгердің берген мәлімдемесі тергеу жұмыстарына өз көмегін тигізген. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының екі тұрғынының ізіне түскен. Оның бірі бопсалау мен қылмысты жасырғаны үшін 6,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Құрықталған екеуі де Алматыда жалдамалы пәтерде тұрып жатқан. "Біз ШҚО-дағы әріптестерімізбен байланысқа түстік, олар да ұсталушылардың өз жеріндегі қылмысты істерге қатысы бар екендігін айтуда ", деп атап өтті Қ.Таймерденов
Белгілі болғандай ұсталғандар біраз уақыт орталық киім-кешек базарында жүк тасушы болып жұмыс істеген, қазіргі уақытта Алматы аумағындағы басқа да қылмыстық істерге қатысы барлығы тергелуде.