Алматы полицейлері жаңа оқу жылында жаңа бастама көтерді

АЛМАТЫ. 26 тамыз. ҚазАқпарат - Алматылық тәртіп сақшылары енгізіп отырған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұл жаңа бастама қалалық білім басқармасымен бірлесе отырып жүзеге асырылды,

деп хабарлады Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметі.

Полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғұмбаев тамыз конференциясына қатысушылар алдында сөз сөйлеп, онда балалар қауіпсіздігі мен олардың оқу жылы кезіндегі тәрбиесі мемлекеттің ерекше назарында екендігін жеткізді. Қаланың бас полицейінің айтуына қарағанда, Алматы қаласы ІІД бүгінгі таңда жасөспірімдер арасында орын алатын қылмыстар санын 2 есеге дейін азайту мақсатында бірқатар іс-шаралар қабылдаған.

«Ел Президенті балалар арасындағы қылмыстардың санын азайтып, олардың алдын алу керектігін бірнеше рет баса айтқан болатын. Осы орайда 2007 жылы республикамызда алғаш рет мектеп инспекторлары жасақталып, өз жұмыстарына кіріскен. Нәтижесінде қала мектептеріндегі орын алатын қылмыстар саны азайып, оқушылар арасында есірткінің таралуы мен жасөспірімдердің қылмыстық топтары жойылды. Бүгінгі таңда Алматы қаласының мектептерінде бопсалау, қарулы шабуыл жасау, кісі тонау сияқты ауыр қылмыстар мүлде орын алмайды. Мектеп инспекторларының қарқынды жұмыс нәтижелері арқасында жыл басынан бері қала мектептерінде қандайда бір қылмыс жасау фактілері мүлде тіркелген жоқ»,- деп атап көрсетті Алматы қаласы ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғұмбаев.

Ал биылғы жылы қала полицейлері мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қалалық жалпы білім беру орындарында бейне камералар орнату керектігін алға тартты. Нәтижесінде қала мектептеріне кіру алаңдары мен аумақтарына, дәліздерге бейне камералар орнатылып, оларды бақылау пульті мектеп басшысы кабинетіне және мектеп күзеті қызметін атқаратын фирмаларға қосылды.

«Алдағы уақытта жалпы білім беру орындарын бірыңғай орталықтандырылған жүйе арқылы бақылауды Алматы қаласы ІІД-нің Жедел басқару орталығы жүзеге асырмақ. Бүгінгі таңда 176 қала мектептерінде 1455 бейне камералар орнатылды. Бұл жаңа бастаманы жүзеге асыруға қала қоржынынан 98 миллион теңге бөлінді. Жасөспірімдер қылмысымен күрес мәселесі қалалық тәртіп сақшыларының жіті назарында. Ал өз кезегінде мұндай орталықтандырылған жүйе арқылы балалар қауіпсіздігін қадағалау, жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың жолын кесетініне сенімдімін»,-деп мәлімдеді Е.Тұрғұмбаев.