Алматы полицейлері жаяу жүргіншіні мерт қылып, қашып кеткен автокөлікті іздестіріп жатыр

АЛМАТЫ. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Жақында түнгі сағат 12-лер шамасында Алматы қаласының солтүстік айналма жолында жол апаты болып,

белгісіз көлік жаяу жүргінші әйелді мерт қылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қаласы ІІБ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қаза тапқан адамның кім екенін айқындайтын жеке құжаттары болмаған. Біздің пайымдауымызша, ол еуропалық нәсілді 55-60 жастағы адам. Белгілі болғандай, ол жол ортасынд көліктің саябырсуын күтіп тұрған. Алайда оны белгісіз автокөлік қағып кеткен», дейді ЖПБ-ның бастығы, полиция полковнигі Арман Сарбасов.

Сол түні жол полициясы апат болған жерден автокөліктің бөлшектерін тауып, оның ақ түсті Ниссан екенін айқындаған. Сондай-ақ ол көлік солтүстік айналма жолмен солтүстікке қарай бет алып бара жатқан.

«Жаяу жүргінші өте ауыр соққы алып, бірден көз жұмған. Бұған қарап оны қаққан көлік өте қатты жылдамдықпен келе жатқандығын айтуға болады. Соңғы кезде көлік апатын жасаған жүргізушілер көліктерін тастай сала, оның жоғалғандығы жайлы хабарлап жатады», деп атап өтті А.Сарбасов.

Қазіргі уақытта белгісіз көлік іздестірілуде.