Қаскүнемдер таңғы сағат төрт шамасында «Орбита-3» ықшам ауданындағы 16-шы үйдің бірнеше кіреберісінде орнатылған бейнебақылау камераларын ұрламақ болған.
«Олар камераларды бұрап ала бастаған. Ал кейбіреуін тіпті күшпен жұлып алған. Осылайша қатты дыбыстан кейбір тұрғындар оянып кетеді. Сөйтіп, олардан «102» пультіне дер кезінде хабар келіп түсті. Үш минуттың ішінде оқиға орнына «Боран-064» және «Боран-056» жол-патрульдік полициясының екі экипажы келіп жетті. Инспекторларды көрген замат, күдіктілер қашып кетпекке әрекет жасайды. Бірақ, екеуі де қылмыс үстінде ұсталды. Тексеру барысында күдіктілерден 4 бейнебақылау камерасы табылып, тәркіленді. Олар қылмыстық істің материалдарына бұлтартпайтын заттай айғақ ретінде қоса тіркелді», - деді Бостандық ауданды ІІБ бастығы, полиция подполковнигі Берік Әбілбеков.
Ал ұсталғандар бұл қылмысқа тек пайда табу үшін барғандарын айтты. Белгілі болғанындай, жас азаматтар ұрланған заттарды сатып, ақша таппақ болған.
«Қаладағы тұрғын үйлерге бейнебақылау камераларын орнату тиімді екендігін көрсетіп отыр. Ең бірінші кезекте мүліктік қылмыстардың алдын алуда тиімділігі айқын. Екіншіден, құқыққа қайшы әрекеттерді ашуда көмегі орасан зор. Бүгінгі таңда, «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша Алматы қаласында 3 мыңнан аса тұрғын үй орналасқан 2 мыңнан астам аулаға 15 мыңға жуық бейнебақылау камералары орнатылды. Тұрғын үйлерді осындай техникалық құрылғылармен жабдықтау жұмыстары соңғы екі жыл көлемінде жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Тағы да айта кетейін, бейнебақылау камераларын қасақана ұрлаған немесе істен шығарғандар ағымдағы занамаға сәйкес, жауапкершілікке тартылады. Ал ұсталған күдіктілердің ісіне ҚР Қылмыстық Кодекстің 188-ші бабының нормалары бойынша баға беріледі. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» - деді өз кезегінде Алматы қ. ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.