Алматы полициясы бизнес орталықты тонаған ұрыларды ұстады
Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қылмыстық топтың 4 мүшесі, Шығыс Қазақстан облысының тумалары екен.
Олардың әрқайсысы бұған дейін пәтер тонап, қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып шықты.
«Бұл жолы олар бағытын өзгертіп, шағын компаниялардың кеңселеріне ауыз сала бастаған. Өздерінің арам ойларын жүзеге асыру үшін күдіктілер кеңселерге қарапайым клиент ретінде келіп жүрген. Осылайша олар камералардың орналасуын, қауіпсіздік шараларын, қызметкерлердің жұмыс кестесін біліп кетуге тырысқан», - деді қалалық ІІД криминалдық полиция басқармасының басшысы Жанболат Зиадин.
Оның айтуынша, қазіргі таңда күдіктілерден 2 автокөлік, 45 мың АҚШ доллары көлемінде ақша тәркіленген.
Бүгінде бұл адамдардың 16 тонаушылық қылмысына қатысы бары анықталды.
Қылмыстық топтың басқа да мүшелері іздестіріліп жатыр.
Айта кету керек, 20 шілде күні Алмалы ауданындағы бизнес орталықтардың жалға алушыларынан полицияға арыз түскен болатын. Ұрылар бірмезгілде 4-9 қабат аралығындағы кеңселердің сейфтерін тонап кеткені белгілі болды.