Алматы полициясы із-түссіз жоғалған 18 жастағы Жұлдыз Ерманованы іздестіруде

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы із-түссіз жоғалған 18 жастағы Жұлдыз Ерманованы іздестіруде. Оның із-түссіз жоғалғаны туралы шағым Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына 2016 жылдың 2 тамызы күні келіп түсті. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Іздеу шарасына еріктілер де қатысуда. 

Ол сотқа дейінгі бірыңғай тергеу тізіліміне енгізілді.  

«Жұмыс тәртібі бойынша іздеу шараларын ұйымдастыру және жүзеге асыру мақсатында арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Оның құрамына криминалдық полиция бөлімшелері мен жергілікті полиция қызметінің өкілдері енді. Қазіргі таңда біз із-түссіз жоғалған қыздың өмір сүру салтын және соңғы уақытта онымен тілдескен адамдарды анықтап жатырмыз», - деді Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Рүстем Әбдірахманов.

«ҚазАқпарат» тілшісіне телефон арқылы берген жауабында Жұлдыздың әпкесі Ақшолпан Ерманова сіңлісінің 1 тамыз күні кешкі сағат 18:00-де үйден шығып кеткендігін айтты. Содан Жұлдыз оралмаған. Ол қысқа джинси шалбар және үстіне қоңыр түсті киім киген. Ақшыл көк түсті асынған сөмкесі бар. Көзілдірік таққан. Өрілген ұзын шашты.   

«Сіңлім кешкі асқа келмеді. Содан біз оның достарына хабарласып, түні бойы іздедік. 2 тамыз күні күндіз полиция бөліміне арыз бердік. Қазір іздестіру жалғасып жатыр. Әзірге нәтиже болмай тұр. Жұлдыздың жігіті жоқ. Ол әдетте «Меломан» дүкеніне жиі баратын. Бірақ, бейнекамераға түспеген. Оны ешкім көрмепті», - деді Ақшолпан Ерманова.

Сондай-ақ, Ақшолпан Жұлдызды білетіндер болса хабарласуларын, ал күштеп ұстап тұрғандар болса, жіберулерін, бұл үшін қылмыстық іс қозғатпайтындарын айтты.

Жұлдызды білетіндер немесе оны көргендер болса, оның  туыстарының мына телефон нөмірлеріне хабарласуларына болады:

7778 360 87 77; 7 705 799 99 44.