Бұл жайында Алматы қаласы ІІД-нің бастығы генерал-майор Ерлан Тұрғымбаев арнайы өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Естеріңізде салсақ, наурыздың 30-ы күні "Қалқаман" ықшамауданында атыс болып, екі адам мерт болған еді. Е.Тұрғымбаевтың айтуынша, тәртіп сақшылары соңғы 4-5 күнде күдіктілердің ізіне түсіп, олардың 3-ші ықшамауданда пәтер жалдап тұрып жатқанын және қарулары бар екендігін анықтаған.
"Сәуірдің 4-і күні сағат сегіздерде ҚР ІІМ-нің "Сұңқар" арнаулы бөлімшесі жауынгерлерінің қатысуымен Әуезов ауданына қарасты бір үйден аталған қылмыстық топты құрықтау операциясы жүргізілді. Операция барысында қылмыскерлер қарсылық көрсетіп, қару қолданды. Нәтижесінде екеуі мерт болып, үшіншісі ұсталды. "Сұңқар" жауынгерлерінің үшеуі жарақат алып, қазіргі уақыттта ем қабылдап жатыр", -дейді ІІД-нің бастығы.
Сонымен қатар ол қылмыскерлер жасырынған үйдің ешбір тұрғыны зардап шекпегендігін, операцияға өте жоғары дайындықта барғандықтарын айтып өтті.
"Аталған қылмыстық топтың басқа да ауыр қылмыстарға қатысы бары анықталды. 2009 жылы олар Алматы қаласында учаскелік инспектор Дәулет Қасымовты жұмыс орнында атып кеткен, сондай-ақ осы жылдың 17 ақпанында Александр Бодров деген емшіні өлтірген. Қазір олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы анықталуда",-деп атап өтті өз сөзінде Ерлан Тұрғымбаев.
Бұл қылмыстық топты Қарақалпақстаннан келген 1975 жылғы Рузимбай Ишимбетов басқарған, сонымен қатар Қадыров және Ниязов сынды нөкерлері болған.
Тәртіп сақшылары қылмыстық топты құрықтау кезінде көптеген қару-жарақ пен полиция қызметкерлеріне тиесілі куәлік пен киім-кешектер тәркілеген. Аталған қылмыстық топтың дайындығы өте жоғары болған, олар тіптен ұялы телефонды пайдаланбай, рациямен ғана сөйлесіп отырған.