Күдікті ретінде ұсталған Өзбекстан азаматы мен жергілікті азаматша, тергеу барысында анықталғанындай, бір емес бірнеше қылмыстық істерге барған.
«Олар алдымен ақшаға мұқтаж адамдарды іздейтін болған. Әсіресе, күдіктілердің торына өз бизнесін дамытуға қаржы іздеген кәсіпкерлер түсіп отырған. Қаскүнемдер алдымен оларға өздерін несие берумен айналысатын мықты қаржылық компанияның өкілдері ретінде таныстырып, басқа банктерге қарағанда аз мөлшерлемемен несие бере алатындықтарын айтып сендірген. Сотқа дейінгі тергеу шаралары барысында анықталғанындай, несие берушіге кепілге ешқандай мүлік керек болмаған. Бірақ, келіссөздер барысында күдіктілер өз клиенттерін алғашқы жарна төлеуге көндіріп отырған. Мысалы, олар Алматы іргесінде құс фабрикасын ашқысы келген әйелден алғашқы жарна ретінде 35 мың АҚШ долларын талап еткен. Кейін, несие алу мәселесі шешілген соң, күдіктілер оған 5 миллион теңгеге көлемінде қарыз беруге уәде еткен. Сөйтіп, бұл әйелмен қатар басқа да жәбірленушілер алаяқтардың талаптарын бұлжытпай орындаған», - деді өз сөзінде Алматы қаласы Әуезов аудандық ІІБ басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бақыт Қасабеков.
Аудандық полиция басқармасының дерегі бойынша, қазір осы бөлім тергеушілерінің өндірісінде осы алаяқтардың құрбаны болған 10 азаматтың арызы жатыр.
Сөйтсе, бұл қаскүнемдер клиенттерін сендіру үшін өздерінің төлем қабілеттілігін және ірі көлемде несие бере алатындай мүмкіндігі бар екендіктерін растайтын қаржылық құжаттардың бланкілерін пайдаланған. Өкінішке қарай, алданған адамдардың ешбірі өзін сақтандыру мақсатында күдіктілер ұсынған ақпараттың рас-өтірігін тексермеген.
«Біздің деректер бойынша, бұл алаяқтық желіні «А» есімді Өзбекстан азаматы ұйымдастырған. Ол жергілікті тұрғындар арасынан өзіне көмекшілер тапқан. Ал олар әлеуетті клиенттер іздеп табумен айналысқан. Егер тергеу барысында бұл қылмыстарға басқа да адамдардың қатысы бар екендігі анықталса, олар міндетті түрде ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал екі күдікті тұтқындалды. Алдағы уақытта олардың елімізде орын алған басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілетін болады. Жаңа ғана Алматы облысының бірнеше тұрғынының осы күдіктілердің құрбаны болғандықтары белгілі болды. Олар енді полицияға арыз бермекші», - деді полковник Қасабеков.
Осыған байланысты, Алматы қаласы Әуезов аудандық ІІБ басшылығы қала тұрғындарын күдіктілердің түріне зер салып қарауға және таныған жағдайда 298-53-00 және 298-53-01 телефондарына хабарласуға шақырады.