Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жедел алдын алу шарасы барысында Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл облыстарында 400-ден астам қару тәркіленген.
Оның 152-сі биылғы қаңтар айының басында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде қару-жарақ дүкендерінен ұрланған.
«Мамандандырылған сауда орындарынан барлығы 1 400-ден астам атыс қаруы ұрланған. Сонымен қатар, заңсыз айналымнан тәркіленген қарудың басым бөлігінің меншік құқығы әлі анықталмағанын, оларды қаскөйлер қылмыстық жолмен алғанын айта кеткен жөн», – дейді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек.
Айта кетейік, осы күндері шаһарда криминогендік жағдайды жақсартуға, сондай-ақ заңсыз айналымнан, оның ішінде белгілі қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық құрамдардың меншігіне айналған қаруды тәркілеуге бағытталған «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізіліп жатыр.
«Сондай-ақ, қылмыстық жауапкершіліктен босататын, қаруды өз еркімен тапсыру науқанына назар аудару қажет. Ол жалғасып жатыр»,- деді полиция өкілі.