Алматы полициясы жолдағы қауіпсіздікті қалай арттыратынын баяндады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы полициясы жол қозғалысын ұйымдастыруды жақсарту және жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру жобасын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының Полиция департаменті 2020-2023 жылдарға арналған мегополисте жол қозғалысын ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін жақсарту бойынша кешенді жоспар әзірледі. Жоспар бес бөлімнен және 38 тармақтан тұрады. Онда жол қозғалысын басқарудың тиімділігін, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру, жол және көше инфрақұрылымын жақсарту, автотұрақ алаңын дамыту мәселелері қамтылған.

«Қазіргі уақытта автоматтандырылған желіні басқару жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жүйе нақты уақыт режимінде қиылыстардағы қозғалысты реттеуді, осы бағыттағы нақты қозғалыс қарқындылығын, көлік құралының қозғалыс статистикасын есептеуді, онлайн режимінде кері санақ таблосының жұмысын, мамандандырылған көлік құралдарының басымдылығын ескере отырып қамтамасыз етеді. Заманауи еуропалық жабдықтар мен көлік детекторларын қолдана отырып, бағдаршамдардағы онлайн басқару қиылыстардың өткізгіштігін 18-20% арттыруға және көлік құралдарының аялдамаларын 20-40% азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл атмосфераны ластаушы заттар шығарындыларының көлемін 25-35% және жол-көлік оқиғаларының санын 20% дейін төмендетуге мүмкіндік береді», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.

Қазір қалада жүру тақтасымен реттелетін 73 жаяу жүргінші өткелі бар.

«2021 жылы біз жаяу жүргіншілер үшін жолдан тәртіппен және қауіпсіз өтуді қамтамасыз ететін 70 жаяу жүргіншілер өткелін шақыру түймесімен жабдықтауды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, жоғары жылдамдықты төмендету мақсатында жарық түсіретін материалдан жасалған жол белгілерін орнатамыз. Бүгінгі күні қалада сегіз жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын апаттардың санын 15-20% -ға азайтуға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Алматы полициясының бастығы.