Алматы прокуратурасы экстремистік ақпарат таратқан 300 сайтты жапты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда діни басқарма өкілдері мен прокуратура өкілдері бас қосып, қаладағы діни ахуал жайын талқылады. Дөңгелек үстел Елбасының дін өкілдерімен кездесу кезінде айтқан ұсыныстарын жүзеге асыру аясында өтті.

Дөңгелек үстел қатысушылары салафизм, радикализм және экстремизм мәселелерін, сонымен қатар жастар санасында қалыптасқан дәстүрімізге сай келмейтін қазақ қоғамына жат түсініктердің сыртқы көріністері жайлы талқылады.

Қала прокуроры Ғабит Миразов, оның орынбасары Жандос Өмірәлиев, Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, діни ұйымдардың басшылары, имамдар халықтың діни сауаттылығын арттыру тетіктерін талқылады. 

Қалалық прокуратура басқармасының бастығы Сәбит Шембековтың айтуынша, аталған мекеменің мұрындық болуымен экстремистік сарындағы ақпарат таратқан 300 сайт жабылған.

«Өздеріңіз білетіндей Елбасы жақында ғана дін өкілдерімен кездесіп, дәстүрлі дінімізді насихаттау жұмыстарын тапсырды. Қала прокуратурасы  осы бағыттағы жұмыстарды нақты жетілдіру үшін ұсыныстар енгіздік. Атап айтсақ, қоғамға, жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өзара сұхбат өткізіп жатырмыз. Соңғы екі жылда біздің тарапымыздан  теріс діни ағымдарды жабу үшін 300 ұсыныс беріліп, ол ресурстардың барлығы жабылды. Олардың көбінде деструктивтік ақпарат таратылған», - деді С.Шембеков.