Алматы прокурорлары жүзден астам порнографиялық мазмұндағы сайтты бұғаттады
Прокуратураның мәліметінше, соңғы кездері балаларды қорлау мен олардың мүдделеріне қарсы заңсыз әрекеттер көбейген. Сондай-ақ, қалалық прокуратура балалардың тыйым салынған интернет сайттарға еркін кіруі - қорлау мен сексуалдық әрекеттердің таралуына ықпал ететін триггерлердің бірі екенін анықтады. Олар жыныстық зорлық-зомбылықты, қатыгездікті, жыныстық белсенділікті ерте жастан насихаттайды.
«Ағымдағы жылдың өзінде прокурорлар 100-ден астам порнографиялық мазмұндағы сайтты анықтап, бұғаттау шараларын іске асырды. Қазір бұл жұмыс белсенді түрде жалғасып жатыр. Бұл жұмысты күшейту үшін уәкілетті органдарға прокурорлық қадағалау актісі енгізілді», - делінеді прокуратураның хабарламасында.
Осы орайда, Алматы қалалық прокуратурасы ата-аналарды балаларының виртуалды өмірін үнемі қадағалап, мінез-құлқына назар аударуға шақырды.
Айта кетсек, биыл Ақтөбеде балаларға қатысты 11 сексуалдық зорлық-зомбылық дерегі тіркелді.