Алматы солтүстік-батыс бағытқа қарай дамиды

АЛМАТЫ. 9 тамыз. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматы солтүстік-батыс бағытқа қарай дамиды. Бұл туралы бүгін қалалық тұрғын үй басқармасының бастығы Қайрат Нұрқаділов айтты.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа үйлер мен коммерциялық нысандар қаланың осы жақ бөлігіне салына бастайтын болады.

«Қазірдің өзінде қалалық тұрғын үймен қамту бағдарламасы бойынша қаланың осы бөлігіндегі «Алғабас», «Ақбұлақ» ықшамаудандарында 87 үй салына бастады. Бұлармен қатар бұнда балабақша, көлік жай, амбулатория, мектептер бой көтереді. Биылғы жылдың аяғына дейін Момышұлы көшесі 4 шақырымға созылып, қаланың сырт жағына шығарылады. Келесі жылы Момышұлы-Райымбек көшелерінің қиылысында айналма жол салынады және Рысқұлов көшесі ұзартылады. Алдағы жылдары жаңа ғимараттар мен жолдар салынады. Мәселен, қалалық жаңа мұрағат үйі де осы жақтан салынуда. Сондықтан бұл аймақтың болашағы зор», - деді Қ.Нұрқаділов.