Алматы соты алаяқты 4 жылға бас бостандығынан айырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қаласының Алатау аудандық соты алаяқтық әрекеттер жасаған деп танылған К. Н.есімді азаматшаға қатысты қылмыстық істі қарап болып үкім шығарды. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен хабарлады.

Соттың анықтағанындай, 2015 жылы ақпан айында К. Н. жәбірленушіге «жер алып беремін», - деген уәдемен 11 мың АҚШ долларын қалтаға басқан. Алайда өз уәдесін орындамаған. Осылайша, жәбірленушіге 2 млн-нан астам теңге залал келтірген. Сол жылы маусым айында К. Н. осындай жолмен тағы бір жәбірленушінің ақшасын алып алады. Оған келтірілген залал - 1 миллион теңгені құрады.    

«Сотта К. Н. өз кінәсін толық мойындап, өкінішін білдірді. Дейтұрғанмен сот үкімі бойынша ол ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 3-ші тармағының бірінші бөлімінде және 58-баптың 6-шы тармағының үшінші бөлімінде қарастырылған қылмыстарды жасағандығы үшін 4 жылға бас бостандығынан айрылды. Енді жазасын жалпы режімдегі түзету колониясында өтейтін болады. Сондай-ақ, сот оның мүліктерін тәркіледі», - делінген хабарламада.