Алматы студенттері АҚТҚ инфекциясының профилактикасы акциясын өткізуде

АЛМАТЫ. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Жаңа оқу жылының алғашқы күндерінде Алматы қаласы ЖҚТБ-ға қарсы және оның алдын алу орталығы қаланың жоғары оқу орындарындағы студенттер арасында АҚТҚ инфекциясының профилактикасы акциясын өткізуде.

Аталған орталықтың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Талғат Бапиевтің айтуынша, зерттеу жұмыстары көрсеткендей жастардың әлеуметтiк топтарының арасында АҚТҚ инфекциясына ұшырау қатері анықталған. «Өкініштісі, жастардың көпшілігі вирустың таралу жолын және одан қорғануды біле бермейді, сондықтан да осы тексеру жұмыстары жүргізілуде».

Акция аясында жастар алдында арнайы мамандар дәріс оқып, білім беру тренингтерін жүргізуде, сонымен қатар жастардың салауатты өмір салтын қалыптастырып, жақындарының да денсаулығына мән беруі төңірегінде кеңестер берілуде.

Тексерістен өтуге ықылас білдіргендер тегін әрі анонимді түрде АҚТҚ-ға тест тапсырып, медицина қызметкерлерінен жекелей кеңестер ала алады. Сонымен қатар шара барысында Алматы қаласы СПИД орталығының арнайы мобилді зертханасы ҚМЭБИ, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына және Аграрлық колледжіне баруды жоспарлап отыр.