Алматы студенттері жазғы демалыстарын тиімді өткізуде

Ы. Маусымның 25-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттік құрылыс жасақтары іске кірісті.

Кеше ҚазҰУ қалашығында өткен СҚЖ құрылтайында университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов студент-жұмысшыларға салтанатты түрде Студенттік құрылыс жасағы медальдарын табыс етті. Енді 14 факультеттің студенттік жасақтары оқу басталғанға дейін айлық жалақымен жұмыс істейді.

«Студенттік құрылыс жасақтары университет аумағын көгалдандыруға, оқу ғимараттарының құрылысына және қалалық саябақтардың әрленуіне атсалысатын болады. Ал демалыс күндері оларға би кештері, концерттер мен ойын-сауық ұйымдастырылып тұрады», дейді СҚЖ жетекшісі Жұмағали Есенбек.

Студенттердің жазғы еңбек семестрін алғаш рет 1959 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің комсомолдары ұйымдастырған болатын. Одақ көлемінде қалыптаса бастаған бұл жасақ Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде 1963 жылы құрылды. Тәуелсіздік жылдары тұралап қалған студенттік жасақ жұмыстары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2008 жылдың жазында қайта жанданды.

«Студенттік құрылыс жасағына биыл екінші рет қатысып отырмын. Жазғы демалысымда студент құрдастарыммен бірге еңбек ету мен үшін қызықты. Осы қызметім арқылы өз университетім мен қаланың гүлденуіне үлес қосқым келеді», дейді филология факультеті студенттік жасағының командирі Қуаныш Кәрім.