15:06, 05 Мамыр 2009
«Алматы су холдингі» жақын арада нормативтен тыс ысыраптарын жоя алады деп ойлаймыз - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің қалалық департаменті
АЛМАТЫ. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Сумен жабдықтау және суды бұру қызметінің сараланған тарифін енгізу өз жемісін бере бастады. Бұл бүгін Алматыда ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің қалалық департаментінің алғашқы тоқсанның жұмыс қорытындысына арналған алқа мәжілісінде айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Мемлекет басшысының қолдауы, Премьер-Министрдің тапсырмасы және қала әкімінің бастамасы бойынша алғаш рет Алматыда сумен жабдықтау және суды бұру қызметінің сараланған тарифі бойынша жоба енгізілді. Кәсіпорынның технологиялық мүмкіндіктерін қайта қалпына келтіру бойынша және болашақта тарифтер деңгейін тұрақтандыру жөнінде Елбасы Жолдауында қойылған міндеттерді шешетін тарифтік саясатты жаңғырту негіздері салынған деп білеміз. Ең бастысы, жақын уақытта кәсіпорын нормативтен тыс ысыраптарын жоя алады деп ойлаймыз. Алғашқы тоқсанда үшінші топтың тұтынушылары өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда шығыстарды 2 миллион текше метрге азайтты. Ал технологиядағы жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмыстарының көлемі 3 есе өсті», дейді ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің қалалық департаментінің директоры Ялкунжан Баратов. Алматы қаласында енгізілген сумен жабдықтау және суды бұру қызметінің сараланған тарифіне жоғары баға берген Елбасы бұл тәжірибені еліміздің өзге өңірлеріне таратуды тапсырған болатын. Ялкунжан Баратовтың айтуынша, тұтынушылардың ішінде жаңа тарифтің бағаға әсері көлік жуу орындарында 1,98 пайыз, моншада 1,1 пайызды құраған.