"Алматы Су Холдингі" жыл қорытындысын жасады

АЛМАТЫ. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін "Алматы Су Холдингі" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында "Нұр Отан" ХДП-ның бастауыш партия ұйымының есеп беру-сайлау жиналысы өтті.

Онда үздік қызметкерлерге қала әкімінің Құрмет грамотасы табыс етіліп, кәсіпорынның жыл сайын дәстүрлі байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарға сый-сияпат жасалды.

"Біздің мамандарымыз - кәсіпорынның басты байлығы. Өндіріс орнының ағымдағы жылы қол жеткізген жетістеріне олардың қосқан үлесі өте қомақты. Сол себепті кәсіпорын басшылығы, бастауыш партия ұйымы және кәсіподақ ұйымы бірлесіп өндіріс үздіктерін марапаттауға шешім шығарып отыр", - деді "Алматы Су Холдингі" МКК-дағы "Нұр Отан" ХДП бастауыш партия ұйымының төрағасы Қуанышкелді Базылов.

Онда жыл сайын дәстүрлі түрде марапатталатын - "үздік слесарь" (Марат Баубеков), "үздік электрик" (Серік Нұрпейісов), "үздік машинист-оператор" (Людмила Головченко) , "су құбыры шаруашылығындағы апатты қалпына келтіруші үздік бригада" (Бағлан Сексенбаевтың бригадасы) аталымдарының қатары биыл тағы бір аталымға ұлғайғаны мәлім болды. "Кәріз кешеніндегі апатты қалпына келтіруші үздік бригада" деп аталатын жаңа аталымда алғашқы жеңімпаз Ақылбек Керімбековтің бригадасы болып отыр.