«Алматы су холдингінің» 5 жыл бойы тарифті өзгертпеуге мүмкіндігі бар

АЛМАТЫ. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Алматы су холдингі» МКК-ның 5 жыл бойы тарифті өзгертпеуге мүмкіндігі бар. Бұл бүгін Алматыда ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің қалалық департаментінің алғашқы тоқсанның жұмыс қорытындысына арналған алқа мәжілісінде айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Егер біз барлық нормативтерден 3 пайыздық коммерциялық шығынды жоя алсақ, құбырға нөлдік бағамен 20 миллион текше метр суды қайтара аламыз. Осы арқылы қосымша 800 миллион теңге кіріске ие боламыз. Бұл көрсеткіштер бойынша 5 жыл бойы тарифті өзгертпеуге кепілдік береді», дейді ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің қалалық департаментінің директоры Ялкунжан Баратов. Оның айтуынша, 2004 жылдан бері кәсіпорын тарифті барлығы 27 пайызға ғана өзгерткен. Ал инфляция индексі бұл кезеңде одан екі есе жоғары болды. Департамент есебіне қарағанда, технологиядағы жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалатын қаржы да 200 миллионнан 3 миллиард теңге дейін ұлғайып отыр. Яғни жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарының қарқыны 10 есе өсуі бұл кәсіпорынның болашағын барынша жарқын ете түседі.